Абайдың қара сөздері

Бірінші қара сөз
  1. Бірінші қара сөз
  2. Екінші қара сөз
  3. Үшінші қара сөз
  4. Төртінші қара сөз
  5. Бесінші қара сөз
  6. Алтыншы қара сөз
  7. Жетінші қара сөз
  8. Сегізінші қара сөз
  9. Тоғызыншы қара сөз
  10. Оныншы қара сөз
  11. Он бірінші қара сөз
  12. Он екінші қара сөз
  13. Он үшінші қара сөз
  14. Он төртінші қара сөз
  15. Он бесінші қара сөз
  16. Он алтыншы қара сөз
  17. Он жетінші қара сөз
  18. Он сегізінші қара сөз
  19. Он тоғызыншы қара сөз
  20. Жиырмасыншы қара сөз
  21. Жиырмасыншы бірінші қара сөз
  22. Жиырмасыншы екінші қара сөз
  23. Жиырмасыншы үшінші қара сөз
  24. Жиырмасыншы төртінші қара сөз
  25. Жиырмасыншы бесінші қара сөз
  26. Жиырмасыншы алтыншы қара сөз
  27. Жиырмасыншы жетінші қара сөз
  28. Жиырмасыншы сегізінші қара сөз
  29. Жиырмасыншы тоғызыншы қара сөз
  30. Отызыншы қара сөз
  31. Отызыншы бірінші қара сөз
  32. Отызыншы екінші қара сөз
  33. Отызыншы үшінші қара сөз
  34. Отызыншы төртінші қара сөз
  35. Отызыншы бесінші қара сөз
  36. Отызыншы алтыншы қара сөз
  37. Отызыншы жетінші қара сөз
  38. Отызыншы сегізінші қара сөз
  39. Отызыншы тоғызыншы қара сөз
  40. Қырқыншы қара сөз
  41. Қырқыншы бірінші қара сөз
  42. Қырқыншы екінші қара сөз
  43. Қырқыншы үшінші қара сөз
  44. Қырқыншы төртінші қара сөз
  45. Қырқыншы бесінші қара сөз

понедельник, 31 августа 2015 г.

Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те  көпте.
Бастапқыға кім шыдайды, соңғыға кім азбайды.
***
Дүниеде жалғыз қалған адам  - адамның өлгені
***
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.

пятница, 28 августа 2015 г.

Ғұмыр - ақиқат.
***
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
***
Достық, қастық, бар қызық - жүрек ісі.
Ар, ұяттың бір ақыл - күзетшісі.
***
Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның қуаты, өмірі
бір қалыпта тұрмайды.
***
Дүние үлкен көл, заман - соққан жел; алдыңғы
толқын - ағалар; кейінгі толқын - інілер, кезекпенен
өлінер, баяғыдай көрінер.
***
Дүниенің көрінген hам көрінбеген сырын түгелдеп,
 ең болмаса денелеп білмесе, (онда) адамдықтың орны болмайды.
Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады.
***
Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
***
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.

четверг, 27 августа 2015 г.

Өзі өзгеше боламын демектің түбі - мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті бітіреді де күншілдік күншілдікті қозғайды.
***
Қулық саймақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ - өнерсіз иттің ісі.
***
Өзін өзі  өзгешілікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
***
Уайымсыз салғырттық, ойыншы, күлкішілдік, қайғыға салыну бұлар - ой кеселі.
Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, виноват.
***
Қайратсыз ашу - тұл.
***
Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір
ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек.
***
Мастық бойдан ағаттық көп шығарып, ақылдың көзін байлайды.
***
Өз дәулетінен артық киінбек не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, 
тым айналдырмақ - кербездің ісі

среда, 19 августа 2015 г.

Патша құдай, сыйындым

Патша құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне.
Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір сұрайды

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат
Арзан, жалған күлмейтін шын күлерлік
Ер табылса жарайды қылса сұхбат.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз.
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап

Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап,

Қыран шықса қияға, жібереді

Олар да екі құсын екі жақтап.

Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,

Күйкентайы үстінде шықылықтап.

Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,

Күні бойы шабады бос салақтап.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
 Шошимын кейінгі жас балалардан
 Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
 Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

 Бай алады: кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп,
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әперем деп.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат
Арзан, жалған күлмейтін шын күлерлік
Ер табылса жарайды қылса сұхбат.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз.
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз

вторник, 18 августа 2015 г.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,  
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. 
Ауызомыртқа шығыңқы, майда жалды, 
Ой желке, үңiрейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, 
Қабырғалы, жоталы, болса күшті. 
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Адасқанның алды - жол, арты соқпақ

Адасқанның алды - жол,арты - соқпақ,
Оларға жол - арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қас алдына жымырып келемін деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?

вторник, 11 августа 2015 г.

Сегіз аяқ

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған —
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.

Қараша, желтоқсан мен сол бір - екі ай

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай —
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.



Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Өзгеге, көңілім, тоярсың

Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың


Сайра да зарла, қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.

Желсіз түнде жарық ай

Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.


Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің, топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.

Жарқ етпес қара көңлім не қылсада

Жарқ етпес қара көңлім не қылсада,
Аспанда ай менен күн шағылсада,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылсада.


Сорлы асық сарғайсада, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылсада,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.

Интернатта оқып жүр

Интернатта оқып жүр
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға

Заман ақыр жастары

Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне - бірі қастыққа,
Қойнына тыққан тастары.


Саудасы - ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тиғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес
Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап – күлмес
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өді» деп ат қойыпты өңкей білмес.


Көп адам дүниеге бой алдырған
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған
Өлді деуге сыяма айтыңдаршы
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Алланың өзi де рас, сөзi де рас

Алланың өзi де рас, сөзi де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас,
Көп кiтап келдi алладан, оның төртi,
Алланы танытуға сөзi айрылмас.


Аманту оқымаған кiсi бар ма?
Уәктубиһи дегенмен iсi бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлықпен ол сiздерге, сiз де оларға...

Кұлақтан кіріп, бойды алар

Кұлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.


Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді үғады,
Жүрегім бойды жылытып.

понедельник, 10 августа 2015 г.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың - ашыған у, ойың - кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Жас - қартаймақ, жоқ - тумақ, туған - өлмек,
Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?

Жасымда ғылым бар деп ескермедім

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Қансонарда бүркітші шығады аңға

Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Ленский сөзінен

Барасың қайда, қайда болмай маған,
Жас өмір алтын – күміс жарқылдаған
Келер күн келеді екен не дайындап ,
Қараңғы, қарағанмен болжай алман?

Мінеки, келіп қалдық атар таңға,
Жарқырап күн де шығар тірі жанға.
Табытқа салып алып, әлде мені
Апарар сырын білмес бір далаңға.

Онегиннің өлердегі сөзі

Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып, сүйіп.

Бойым тұр дал болып ұйып,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп.

Есек

Қырық – елу қос бір жерден
Қайтқан екен керуендер.
Мал айдап барып әр елден
Сауда қылып жүргендер.

Алтын артқан бір есек
Соларменен келеді.
Ол жай жүрсе, жұрт та жай,
Ол желсе, жұрт желеді.

пятница, 7 августа 2015 г.

Емен мен шілік

Шілік пен емен бір күн сөйлесті:
Аллаға, сорлы, неден жаздың ? – депті.
Торғайға да майысып солқылдайсың,
Жел бүлк етсе, тебесің әлпеншекті.

Құдай басқа салмасын сен секілді
Желмен жерге жығылып, жар сүзбекгі.
Обалың бір Құдайға, байғұс, сенің,
Қақтырып қойған мұнша бос селтекті.

Мен көрдім ұзын қайың құлағанын

Мен  көрдім  ұзын қайың  құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?

Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,
Қалжырап , қансыраған,  қабақ түскен,
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?

четверг, 6 августа 2015 г.

Қалқам – ай, мен үндемей жүремін көп

Қалқам – ай, мен үндемей жүремін көп,
Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп.
Жүректегі жалынды көзден жас қып,
Ағызғаным болады ол неге сеп?

Антұрған ел көзіне тік қараймын,
Сонымды сен сөгеді -  ау деп ойланамын.
Жүрегімді кескілеп сатып жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын?

Қорқытпа мені дауылдан

Қорқытпа мені дауылдан,
Дүрілдеп тұрса тау мен сай.
Шатырлап тұрған жауыннан
Жарқылдап тұрса түскен жай,

Көк торғындай аспан  -  көк ,
Білемін, жайнап ашылар.
Исі аңқыған бәйшешек
Түрленіп жерді жасырар.

Шайтан

Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны,
Күнәлі жер кез келіп бір ұшқаны.
Өткен жақсы дәурені ойында оның,
Сондағы не көргені, не қылғаны.

Ол күнде нұрлы бейіш ішінде екен,
Өзі де періштелер түсінде екен.
Жылы жүзбен жұлдыздар жылжып жүріп
Сәлемдесер, сөйлесер күшінде екен.

Альбомға

Сал демеймін сөзіме ықыласыңды,
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше
Көрінгенге  көрсетпей , көп жасырды.

Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?

Ой

Қарасам, қайғырар  жұрт  бұл  заманғы,
Салқын , қуыс – өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.

Жасынан білер ескі шалдың мінін,
Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.
Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,
Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.


Рахат, мені тастап қоймадың тыныш

Рахат, мені тастап қоймадың тыныш
Ғашық жар, ағайын, дос – бәрі алдағыш.
Жастық құмар үміттің нұры қайтып,
Күңгірт тартты, бәрінің аяғы реніш.

Ұнатпаймын тағдырды, дүниені,
Жасқантып жалынта алмас о да мені.
Алладан бәрібір деп тосып тұрмын,
Алғалы жақсылықты, я өлгелі

среда, 5 августа 2015 г.

Күлімсіреп аспан тұр

Күлімсіреп  аспан тұр,
Жерге ойлантып әр нені.
Бір себепсіз қайғы құр
Болса ма екен пендені?
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын, жатамын,
Нені іздеймін өмірде?
Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Әм үміт жоқ алдымда.

Тұтқындағы батыр

Қараңғы үй терезесі  - тұтқын орны,
Көгерген көктің жүзі ескі формы.
Азат құстар аспанда ойнап ұшса,
Ұялып қарай алмас мендей сорлы.

Тәубә жоқ, дұға да жоқ тентек бойда,
Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда.
Қан ағып, қайрат қылған майдан менен
Ауыр қылыш, дулыға бірақ ойда.

Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?

Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?
Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.
Ішің берік боп, нәпсіге тыю салып,
Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.

Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,
Сүйтсе де ірісімен кеңесіп жүр.
Кейбіреуін хауіптендір, мінін тауып,
Кейбіреуін жылы сөзбен көңілдендір.

Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі

Дүрілдеген  нажағай,
Бұрқыраған жауынның
Ашылмағы бар ма басынан
Бағы қайтқан қауымның?
Мен орманға барғанда,
Неше түрлі гүл ұстап
Қайтушы едім қолыма.
Гүлдер түгіл бұл күнде
Шөп дағы жоқ маңымда.

Көңілім менің қараңғы

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?

Централизованная библиотечная система города Каражал