Амал жоқ - қайттім білдірмей
Япырмау, қайтіп айтамын!
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз,
бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан.
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Әлімше мен
де ұялып,
«Білдірмен» дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Болмады
көріп қалуға
Есітіп біраз сөзіңді.
Шыдар ем бір ай жатуға,
Ұзақ түн жұмбай көзімді.
Қызықтан
қашып бұл жерге,
Көңіліңіз суып келіпсіз,
Мәнісін сұрап білуге
Тілдесе алмаймын еріксіз.
Келмесең
егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге
Түспес ем мұндай бейнетке.
Асау жүрек
қайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде?
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де?
Өзгеге
ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Әзелде тағдыр иеден
Қожам - сенсің, не керек.
Тіршілігім
- құрбандық,
Шыдамай сені көргенше.
Тәңірімнен келген бұл - жарлық.
Ием - сенсің өлгенше.
Әуелде
кірдің түсіме,
Ортақтасып өміріме.
Толғау салып ішіме,
Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.
Құдайдан
болғай деп емі,
Құдайыны мол бердім.
Көрген жерде-ақ мен сені,
«Осы екен ғой - сол» дедім.
Жатқан
сайын ұйқыға
Дұға оқушы ем, шошынып;
Ұнатып мен і құлқыңа,
Жүруші едің қосылып
Түсімде
мені жұбатып,
Жылы сөзбен сөйлесіп.
Кетуші едің қуантып,
Қалушы еді көңіл өсіп.
Шыныңды
айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы.
Әлде азғырып, әуре еткен
Жаумысың теуіп таптаушы.
Шеш
көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі - алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса
да өзімді,
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып.
Бұл жерде
ешкім сырымды
Білмейді, айтып не етейін?
Жақтырмай бұзсаң нұрымды,
Білдірмей күйіп өтейін.
Күтеміз
сізден қайта хат,
Қуандырып, дертім жаз.
Ол болмаса, шыныңды айт,
Кінә өзімде, өзіме аз.
Өз хатыма
өз көзім
Ұялып, қорқып, баға алмас.
Кепілшім менің - бір өзің,
Бөтен жан тетік таба алмас.
|
Комментариев нет:
Отправить комментарий